Ақмола облыстық сотында билер соты институтына арналған конференция өтті

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Ақмола облыстық сотында «Қазақ даласының билер соты – егеменді еліміздің сот-құқық жүйесінің негізі» тақырыбында ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Іс-шара Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетімен бірлесіп ұйымдастырылды.

Конференция қазақ билер сотының дамуы мен құрылу тарихын зерттеу, мәдени және құқықтық тарихи мұраны сақтау, жастардың бойында мемлекет және құқық тарихына деген патриоттық сезімді қалыптастыру мақсатында өткізілді.

Конференцияға Жоғарғы Сот судьясы, Жоғары Сот Кеңесінің мүшесі Әділ Құрықбаев, Ақмола облысы әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова құрметті мейман ретінде қатысты, және облыстық соттың судьялары мен сот жүйесінің ардагерлері, ғылыми және шығармашылық зиялы қауым, жергілікті атқарушы органдар, прокуратура, ішкі істер және Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменттерінің, Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстық филиалының, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдар мен БАҚ өкілдері қатысты.

Әділ Құрықбаев іс-шараның ашылу рәсімінде Жоғарғы Сот Төрағасы Қайрат Мәмидің конференция қатысушыларына арнаған құттықтау сөзін оқып берді. Қ.Мәми құттықтау сөзінде «Ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды» деген Елбасы сөзін тілге тиек ете келе, ұлтымыздың қадір-қасиетін айқындап тұрған тілімізді ұлықтап, халқымыздың әдет-ғұрып, салт-дәстүрін сақтағанда ғана еліміз рухани жаңғырып, «ұлттық кодымыз» нығая түсетіндігі айтылған. Сонымен қатар, Жоғарғы Сот Төрағасының құттықтау хатында: «Би бабаларымызға тән имандылық, адалдық, әділдік, турашылдық принципін құқық қорғау органдарының өкілдері мен судьялардың мықтап ұстанғаны абзал» делінген.

Іс-шарада Ақмола облысы әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова және Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің ректоры Әбдімүтәліп Әбжаппаров құттықтау сөз сөйледі.

Конференция жұмысын жүргізген Ақмола облыстық сотының төрағасы Досжан Әміров Елбасының бағдарламалық мақаласының негізгі міндеттерін іске асыру мақсатында ғалымдар мен облыс ақсақалдарының, судьялар корпусының белсенді қатысуымен қазақ билер сотының тарихын зерттеу бойынша жұмыстардың жүргізіліп жатқанын атап өтті. «Билер соты – бұл тек қана құқықтық институт ғана емес, бұл тарихи және мәдени мұра болып табылатын халық пен мемлекетті басқарудағы дана институт. Біз осынау құнды тәжірибені ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуіміз қажет» - деді Д.Әміров.

Конференцияда облыстық соты әзірлеген «Қазақ даласының билер соты» атты бейнефильм көрсетілді. Одан әрі іс-шара баяндамаларды талқылаумен жалғасты.

Алқалы жиында Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің проректоры, доцент, тарих ғылымдарының кандидаты Аманбай Сейтқасымов «Қарауыл Қанай би», экономика ғылымдарының докторы, профессор Қасымхан Құсайынов «Дүйсен және Бекше билердің тарихи орны», отставкадағы судья Мейрам Ғибәділов «Әлдебек және Етекбай билер туралы не білеміз?», тарих ғылымдарының магистрі Ерлан Наурызбаев «Рухани жаңғыру идеясының әлеуметтік-мәдени өрісі», Атбасар аудандық сотының судьясы Асқар Шарапатов «Байдалы би», филология ғылымдарының кандидаты Аманжол Есмағұлов «Сөздерін ханға өткізген Әз Бөгембай», Акмола облыстық сотының судьясы Сәуле Қияшева «Дархан даланың даналары: Бапан және Саққұлақ билер» тақырыптарында қызықты баяндамалар жасады.

Негізгі баяндамашылардан кейін сөзді кешегі билердің ұрпақтары – ақсақалдар, облыс ардагерлері өздерінің ойларымен, алған әсерлерімен бөлісіп, ақыл-кеңестері мен ұсыныс-тілектерін жеткізді.

Фойеде қазақ халқының билері туралы облысы сот жүйесі тарихи мұражайынан экпонаттар қойылған көрме жұмысы ұйымдастырылды.

Конференцияға қатысушылар баяндамаларды талқылағаннан кейін оның қарары мен Мемлекет басшысының бағдарламалық мақаласының қағидаларын жүзеге асыру бойынша ведомствоаралық жоспарын қабылдады.

Конференцияның жұмысы көрме және естелікке ұжымдық  фотосуретке түсу рәсімімен аяқталды.

Қайнар: 
Ақмола облыстық сотының баспасөз қызметі