Батыс Қазақстан облыстық сотында судьяларға арналған семинар-тренинг өтті

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Батыс Қазақстан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Ақан Жұмағұлов қылмыстық істерді қарау мәселесі бойынша өңір судьялары үшін семинар-тренинг өткізді.

А.Жұмағұлов семинарды аша келе, іс-шараның сот төрелігінің сапасын арттыруға бағытталғанын, өз кезегінде ол сот беделін нығайтуға септігін тигізетінін атап өтті. 

Біркелкі сот практикасын қалыптастыру мақсатында оқыту шарасы мүлде жаңа үлгіде ұйымдастырылды. Шараның басталуына дейін облыстық сот өзекті мәселелер бойынша тақырыптар тізімін дайындап, өңірдегі барлық соттарға алдын-ала жолдады. Әр тақырып бойынша аудандық және оған теңестірілген сот судьялары баяндамашы болып тағайындалып, ал талқылау үшін спикерлер кездейсоқ таңдау тәсілі арқылы таңдалды, осылайша, қатысушылардың барлығы тек тыңдаушы ғана емес, керісінше, кез келген уақытта баяндама жасауға дайын болуы тиіс.

Семинар-тренингке қатысушылар қылмыстық заңнама қағидаларын қолдану бойынша жауапкершілік пен жаза, қылмыстық жауапкершілік пен жазадан босату, жаза тағайындау секілді тақырыптар бойынша мәселелерді тақылады. Емін-еркін жағдайда тренинг қатысушылары практикалық дағдыларына сүйене отырып, қылмыстық заңнама нормаларын, республика және одан тыс аумақтарда қылмыстық құқықбұзушылық жасаған тұлғаларға қатысты заңның әрекеттерін, қылмысты ауырлататын мән-жайларды, қылмыстық жауапкершіліктен босату негіздерін талқылады. Бұған қоса, қолданыстағы қылмыстық және қылмыстық-процестік заңнаманы қолдану барысында туындайтын түрлі мәселелер сөз болды.

Семинарды ұйымдастырушылар осы үлгідегі жұмыстың тиімді екеніне сенімді және судьялардың біліктілігін арттыруға әсерін тигізетінін атап өтті.

Семинар қорытындысы бойынша сот актілерінің өзгертілуі мен бұзылуын азайту арқылы сот төрелігінің сапасын көтеру жөніндегі ұсынымдар әзірленді.

Источник: 
Батыс Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметі