Таразда сот көші-қон полициясының бұрынғы қызметкерлерін лауазымдық өкiлеттiктерін теріс пайдаланғандары және пара алғандары үшін кінәлі деп тапты

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Тараз қаласының №2 соты, ауданның бес тұрғынына қатысты қылмыстық істі қарап, ҚР ҚК-нің бірқатар баптары бойынша оларды кінәлі деп тапты.

Іс материалдарына сәйкес, Жамбыл облысы ІІБ көші-қон полициясының бұрынғы бастығы З., осы бөлімнің бұрынғы инспекторы К. уәкілетті тұлға бола тұра, өздерінің қызметтік уәкілеттіктерін асыра пайдаланып, материалдық пайда көру мақсатында азаматтық тұлғалар У., Ө., Б., адамдар тобымен алдынала сөз байласып,  Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан Республикасының және Ресейдің 609 шетел азаматының заңсыз көшіп қонуына жағдай жасаған.  

 Сотта анықталғандай, сотталушылар шетел азаматтарына уақытша тіркелуге, жеке тұлғаларға заңсыз еңбек етуге рұқсат беру арқылы, тұруға ыхтиярхат және Қазақстан Республикасында тұрақты өмір сүруге рұқсат беру арқылы заңсыз жолдармен жасанды құжаттарды пайдаланып, қасақана мемлекеттік мекемеге сыбайлас жемқорлыққа  қарсы қылмыстық іс-әрекет жасаған. Бұрынғы лауазымды тұлғалардың заңсыз түрде жасалған рұқсат қағаздары шетел азаматтарына Қазақстан Республикасы аумағында тұрақты өмір сүруге, кіруге, шығуға және жүріп-тұруға рұқсат берген.

Сотталушылар З., К., У., Ө. және Б. жауапқа тартылған қылмыстарын мойындаған жоқ.

Сот  З-ны ҚР ҚК-нің 361 бабының 4-бөлігінде, 366-бабының 3-бөлігінің 4-тармағында, 394-бабының 2-бөлігінде көзделген қылмысты  жасағаны үшін кінәлі деп танып, ҚР ҚК-нің 58-бабының 3-бөлігіне сәйкес 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айырып, оның меншігіндегі қылмыстық жолмен табылған не қылмыстық жолмен табылған қаражатқа сатып алынған мүлкін тәркілеп, мемлекеттік қызметтегі барлық лауазымдар бойынша қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырды. З. полиция полковнигі шенінен айырылды. Рақымшылық жасау бойынша жаза мерзімі 7 жыл 6 ай 4 күнге қысқартылған.

Қ. ҚР ҚК-нің 361 бабының 2-бөлігінде, 394-бабының 2-бөлігінде көзделген қылмысты  жасағаны үшін кінәлі деп танылып,  оған (2000  айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде) яғни 4 242 000 теңге көлемінде айыппұл түріндегі жаза тағайындалып, оның меншігіндегі қылмыстық жолмен табылған не қылмыстық жолмен табылған қаражатқа сатып алынған мүлкі тәркіленіп, мемлекеттік қызметте барлық лауазымды қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырылды. Қ. полиция капитаны шенінен айырылды.

У. ҚР ҚК-нің 394-бабының 2-бөлігінде көзделген қылмысты  жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 5 жылға бас бостандығынан шектеліп, сол мерзімге пробациялық бақылауға алынды, шетелдік келушілерге көмек көрсету құқығынан 3 жылға айырылды. Тұрақты жұмыс орны жоқ болған мерзімдерде, 240 сағаттан аспайтын жергілікті атқарушы органдар анықтаған орындарда  мәжбүрлі еңбекке тартылды.

Ө. ҚР ҚК-нің 368-бабының 1-бөлігіне, 394-бабының 2-бөлігіне, 368-бабының 1-бөлігіне көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылып,  58-бабының 3-бөлігіне сәйкес 2 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылып, оның меншігіндегі қылмыстық жолмен табылған, не қылмыстық жолмен табылған қаражатқа сатып алынған мүлкі тәркіленіп, мемлекеттік қызметте барлық лауазымды жұмыс атқару құқығынан өмір бойына айырып, шетелдік келушілерге көмек көрсету құқығынан айырды. Рақымшылық бойынша Ө. (2 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасынан) босатылды.

Б. ҚР ҚК-нің 394-бабының 2-бөлігінде көзделген қылмысты  жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 5 жылға бас бостандығынан шектеліп, шетелдік келушілерге көмек көрсету құқығынан 3 жылға айырылды. Рақымшылық негізінде Б. (5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасынан) босатылды.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Қайнар: 
Жамбыл облыстық сотының баспасөз қызметі